Желтоқсан… Қаһармандарымызды тағы да бір еске алып қоятын сəт. Тәуелсіздік біздің басымызға қонған бақ, бақыт. Бұл оңайлықпен келген арзан бақыт емес. Күллі әлемді дүр сілкінткен 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы қазақ топырағына ұлттық санасын, намысын жетелеген жаңа әрі қайсар буынның келгенін әйгіледі. Сол буынның өкілдері бүгінгі таңда арамызда жүр. Ауданымыздағы Желтоқсан оқиғасының куәгерлері:
Төлеуов Орал Мукушевич
Мандаев Нұртас Боранбаевич
Дүйсекова Күлпан Тлеулиевна
ерліктерінің алдында басымызды иеміз. Осы аға-апаларымыздың қайтпас қайсар мінезі ұрпаққа үлгі-өнеге болып, Отанымызды сүюге, адамгершілікке, әділеттілікке, ел мен жердің қадір-қасиетін ұғынуға жетелейді деп сенеміз. Сондай ниетпен аудандық кітапхана қабырғасында желтоқсан куәгерлерімен «Желтоқсан ызғары мәңгі есте...» атты дөңгелек үстелі өтті. Шараға Аудан әкімі А.Альжанов, аудан әкімінің орынбасары Б.Ибраев, Желтоқсан куәгерлері және Т.Шаханов атындағы №3 мектептің 9-сынып оқушылары сынып жетекшілерімен қатысты. Өте мазмұнды, әсерлі сұхбат барысы, музыка мектебінің ұстазы М.Жетпісовтың күй орындауымен, аудандық кітапхана қызметкері Ж.Хасанованың «Мәңгілік елдің бесігін тербеткен Тәуелсіздік!» атты кітап көрмесін таныстырумен және әдіскеріміз А.Ақажанқызының өз шығармашылығынан «Тәуелсіздік» өлеңін оқуымен жандана түсті. Жиын соңында желтоқсан оқиғасынан бейне материалдар ұсынылып, көрермен еріксіз көзіне жас алды. Қазақ халқы мұндай қасіретке жолықпасын дегіміз келеді.
Тәуелсіздік туын ұстап, алға баса берейік! Еліміздің келешегі кемел, болашағы нұрлы болсын!