Ағымдағы жылдың 5-6 қазан аралығында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен «Үздік жас кітапханашы - 2023» республикалық байқауы өтті. Қазақстанның 14 облысында өткен байқаудың бірінші кезең жеңімпаздары «Үздік жас кітапханашы - 2023» республикалық қорытынды байқауының қатысушылары атанды.
Аталмыш сайысқа Ерейментау ауданы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Өлеңті ауылдық кітапханасының кітапханашысы Жадра Худжанова қатысып, Ақмола облысының намысын қорғап, бақ сынады. 5 қазаннан бастау алған шарада ҚР Ұлттық кітапханасы басшылығы барлық қатысушыларды құттықтап, қызметтер мен бөлімдер жетекшілерімен таныстырды. Шара барысы түрлі қызықты бағдарламадан бастау алды. «Қазақстандық Кітапханалық Одақ» жұмысы туралы түсіндірме және «Республикалық жас кітапханашылар ұйымын» құру туралы талқылау жүргізілді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы бойынша экскурсия өтіп, «Quiz battle» Дін мен дәстүр залында жас кітапханашылардың қатысуымен ойын-сауықтық бағдарламасы ұйымдастырылды. Кездесу соңы тау бөктерінде тимбилдинг бағдарламасымен аяқталды.
Келесі күні республикалық байқау қатысушының алдын-ала дайындалып, жіберілген кәсіби материалды қорғауы, ұйымдастыру комитеті әзірлеген тапсырмаларды орындауы, кәсіби шеберлік пен дағдыларды меңгеру дәрежесін көрсетуі, туған өлкесіне арналған шығармашылық өнерін паш етуі бар кәсіби және шығармашылық бөлімдерден тұратын «Кітапханашы келбеті», Эссе, «Ой бастар», «Кәсіби баттл», «Туған өлкем - мақтанышым» кезеңдерін қамтыды. Барлық қатысушылар өз қабілеттері мен өнерлерін көрсетті.
Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың жұмыстары мен өнерлерін бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Өз шығармашылығын паш етіп, кітапхана саласындағы біліктілігін көрсетіп, қарсыластарынан оқ бойы озып шыққан әрі ерекше дараланған Худжанова Жадра Сабырқызы жүлделі 3 орынды иеленді. Бас жүлде – Біләл Ертай Нұрбекұлына (Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы), 1 орын – Нұрахметов Азамат Амантайұлына (Қарағанды облысы, Шет ауданының орталық кітапханасы), 2 орын - Ынтымақ Сұңқарға (Жетісу облысы Талдықорған қалалық балалар кітапханасы) және Турдиева Балгерім Гаухарқызына (Түркістан облысы Төлеби ауданы Тасарық ауылдық кітапханасы), 3 орын - Ақтай Изанель Нұрланқызына (Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда Облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы), Саменова Гүлмайра Беркінқызына (Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасы) бұйырды.
Байқаудың барлық қатысушыларына Сертификаттар табысталып, жеңімпаздар Дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ерейментау ауданы «Орталықтандырылған
кітапханалар жүйесі» коммуналдық
мемлекеттік мекемесінің
әдіскері Гүлдана Жилкибаева