Биылғы жылдың 27-28 қарашасында Астана қаласында өткен Мәдениет және өнер саласының ұйымдары мен қызметкерлері арасында жыл сайынғы «Рухани қазына – 2023» Республикалық фестивалінің жеңімпаздары анықталды.
Фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Аталмыш шараның мақсаты - мәдениет және өнер саласы ұйымдарының шығармашылық жетістіктерін анықтау, талантты, өзіндік ерекшелігі бар шығармашылық ұжымдар мен орындаушыларды қолдау, қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттыру, қызметкерлердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау.
Биылғы байқауға кітапхана саласы бойынша - 78, музей саласы бойынша - 25, мәдени-демалыс ұйымдарынан – 70 өтінім келіп түсті. Әр өтінім бойынша түскен еңбектер егжей-тегжейлі қарастырылып, әділ-қазылар тарапынан толығымен іріктеліп, талданды.
Фестивалге қатысуға түскен барлық өтінімдердің ішінен 29 жұмыс іріктелді.
Соның ішінде Ерейментау ауданы «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Өлеңті ауылдық кітапханасының кітапханашысы Худжанова Жадра «Ауылдық маңызы бар кітапхананың үздік қызметкері» аталымында жеңіске жетті.
Жеңімпаздарға дипломдар, номинация атауы бар арнайы панно, сондай-ақ ақшалай сыйақылар табысталды.
Ендеше, әріптесемізді жемісті жетістігімен құттықтай отыра, мәдениетті асқақтату, кітапхана саласының мерейін үстем ету, ұлттық мұраларды ұлықтауда жасап жатқан еңбегі бағалана берсін демекпіз.
Гүлдана ЖИЛКИБАЕВА
«Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ әдіскері