Кіру
AA+
Бүгін аудандық кітапхана қабырғасында қарттар айы аясында «Қарттарға құрмет – ұрпаққа ұлағат» атты дөңгелек үстел форматында жиын өтті. Шараға аудан әкімі А.Е.Әлжанов, аудандық маслихат хатшысы М.Е.Абжиков және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әжібайұлы, қоғамдық даму орталығының мүшелері Тыныштық Жәниқызы, Майдаш Айтасовна, Роза Кеңесқызы, қарттар ұйымының төрайымы Қарашаш Елубайқызы қатысты. Сонымен қатар Бөгенбай батыр атындағы мектеп-лицейінің кітапханашысы Шолпан Ебенсланқызы 10-сынып оқушыларымен қонақ ретінде келді. Жиынның басында аудан әкімі А.Е.Әлжанов өз құттықтау сөзінде зейнеткерлердің ерен еңбектерін атап өтіп, елге үлгі боларлық істерін айтып өтті, зор денсаулық, қажымас қайрат, бақыт тіледі. Қарттар күні мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шараға шақырылған барлық қарияларға және Балалар жылына орай шараға қатысқан мектеп оқушыларына да ерекше сый құрмет көрсетіп, сыйлықтар тарту етті.
Кейіннен сөз кезегі қонаққа келген қарияларымызға ұсынылып, оқушылардың қойған сұрақтарына жауап беру арқылы тағлымды әңгімеге ұласты. Шара барысында аудандық кітапхана бөлімінің библиографы Гүлзат Қайыргелді қонақтарға арнап Сағи Жиенбаевтың өлең жолдарын оқып берді.
Мереке Республика күнімен тұспа-тұс келгесін, бұл айтулы мерекені де қамтыды. Соған орай кітапхана төрінде «Республика! Ерікті ел Қазақстан!» атты көрме ұйымдастырылып, аудандық кітапхана қызметкері Адель Ақажанқызы қонақтарымызға көрмені таныстырып, сөз соңы бәрімізге белгілі «Атамекен» әнімен жалғасын тапты.
Жиын соңы қариямыз Төлеген Әжібайұлы жас жеткіншектерге бата беруімен аяқталды.