«Ел мерейін асқақтатқан ағалар»
Өлкеміздегі қаламгерлеріміздің өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын ояту, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, сонымен қатар, аудан көлемінде ақын-жазушылардың еңбектерін кеңінен таныту мақсатында қараша айының 25-жұлдызында Ерейментау аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен «Ел мерейін асқақтатқан ағалар» атты жергілікті ақын-жазушылар Әдебиет Байдолда және Сағатбек Ахметқажимен кездесу кеші өтті.
Кездесу кешінің шымылдығы 2022 жылы жарық көрген Әдебиет Байдолданың «Тамшы тердің–тағылымы» және Сағатбек Ахметқажидың «Қылбұрау» алманағы мен «Көкжалтүн» кітаптарының тұсау кесерін өткізумен түрілді. Кітаптың тұсау кесер рәсімі аудан әкімі Альжанов Абай Еламанұлының қатысуымен өтті және салтанатты сәттен кейін аудан әкімінің ыстық ықыласымен қоса алғыс хаттар табыстауымен өрбіді.
Кештің басты қонақтары Ә.Байдолда және С.Ахметқажиұлымен аудандық кітапхананың әдістемелік-библиография бөлімінің қызметкері Гүлзат Қайыргелді сұхбат құру арқылы, ақындардың өмірбаяндарына тоқталып, шығармашылықтарымен таныстыра өтті. Шара барысында ақын-жазушыларымыздың жыр-жинақтарын аудандық кітапхана қызметкері Жібек Хасанқызы арнайы әзірленген электронды кітап көрмесі арқылы көрерменге таныстырды. Сонымен қатар, сұхбат арасында аудандық кітапхана әдіскері Адель Ақажанқызы Ә.Байдолданың «Ерейменім» өлеңін оқып, кейіннен ақындардың еңбектерінен шабыттанғанын айтып, жүректен шыққан жыр жолдарын арнады. Оған қосыла, Еркіншілік ауылында кітапхана ұжымының бастауымен құрылған «Ақындар клубының» мүшесі, жас ақын Сәттібек Серікболсынұлы да өз шығармашылығынан өлең оқыды. Кеш барысы Еркіншілік ауылы кітапханасының қызметкері, айтыскер ақынымыз Ерлан Дәулеттің жиналған көпшілік пен ақын-жазушыларымызға арнау айтуымен жанданды.
Жиын соңы жиналған көрермен арасынан құттықтау сөз айтып, өңіріміздегі Барданбай Сейтхан, Бекмұрат Айтқанұлы, Сайлау Жылқыбаев, Медеу Әбжіков сынды ақындарымыздың жалынды жырларын оқуымен түйінделді.
Ел мерейін асқақтатып жүрген ағаларымызға жыр әлеміндегі туындыларыңыз ешқашан сарқылмасын, сүйіп оқитын оқырмандарыңыз көп болсын дегіміз келеді.